Еліміздің футболдан бес дүркін чемпионы "Ertis" командасы қарызына байланысты қазақстандық чемпионаттан шығып қалғандықтан, жергілікті билік бірінші лигада доп тебетін "Ақсу" командасын дайындауға көп көңіл бөлді. Металлургтер шаһарында құрылған клуб жанкүйерлер мен әкімдік сенімін ақтап, ҚР Премьер-лигасына алғаш рет жолдама алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бірінші лигадағы ойынды бірінші орынмен аяқтаған "Ақсу" енді аймақтың абыройын Премьер-лигада қорғайды. Қазіргі уақытта жергілікті жастардан ғана құрылған команда Павлодар қаласындағы "Спорт-сити" қалашығында салынған жабық футбол манежінде жаттығу жұмыстарын жүргізуге кірісіп кетті.
Команда жаттықтырушысы Виталий Вихлянов жиындардың 24 желтоқсанға дейін жалғасатынын айтты. Оған дейін спортшылардың жүктемесі кезең-кезеңмен артып отырады. Кейін екінші жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Бірақ әзірше оның қайда өтері белгісіз.
Сол жиынды бас бапкер ретінде еуропалық футбол "жұлдызы" Альберт Риера жүргізуі әбден мүмкін. Бұған дейін кейбір спорт басылымдары 39 жасар жаттықтырушының "Ақсу" клубының бас бапкері қызметіне тағайындалуы мүмкін екені туралы хабар таратқан еді. Енді шетелдік маман Еуропадағы тағылымдамасын аяқтаған соң Қазақстанға ат басын бұратыны туралы ақпараттар жариялануда. Десе де, клуб басшылығы бұған қатысты нақты мәлімдемені әзірше жасаған жоқ. Тек әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Испания елінің туы бейнеленген жазба қалдырып, елді елең еткізіп қойды.
Айта кетейік, Альберт Риера - "Ливерпуль" және Испанияның Ұлттық құрамасында шеберлігімен көзге түскен спортшы. Сондай-ақ "Бордо", "Эспаньол", "Галатасарай" мен басқа да көптеген командаларда әдемі ойын өрнегін көрсетті. 2016 жылы футболшы ретіндегі мансабын аяқтаған соң бапкерлік қызметке ауысты. 2020 жылдан осы уақытқа дейін түркиялық "Галатасарай" клубы бас бапкерінің ассистенті болып еңбек етеді.
Ажар Дәулетова