Павлодар облысында "Ауыл – ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Солардың бірқатары Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтарда қолға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Алайда бес бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңында олқылықтар бар. Бұл нысандар әу бастада белгіленген жұмыс кестесінен бес айға кешігіп атқарылып жатыр. Яғни, спорт мекемелерін қолданысқа беру уақыты қайта-қайта кейінге шегерілуде. Соған қарамастан, Ақсу қаласының құрылыс бөлімі мердігер компанияның есепшотына 500 млн теңге аударған. Ал түптеп келгенде олар атқарған толыққанды жұмыс та, пайдалануға берілген нысан да жоқ. Демек, әлі атқарылмаған жұмыс үшін негізгіз қаржы төлеген.
"Аталған олқылыққа жол бергені үшін Ақсу қаласы әкімінің орынбасарына қатысты тәртіптік шара қолданылды. Ал әдеп жөніндегі кеңес қалалық құрылыс бөлімінің басшысын жұмыстан шығаруға қатысты ұсыныс білдірді", - деп хабарлады Павлодар облыстық прокуратурасы.
Айта кетейік, бүгінде Ақсу қаласының әкімдігі қадағалау актісі бойынша артық төленген бюджеттік қаржыны қайтаруға қатысты талап-арыз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда мемлекет қазынасына 60 млн теңге қайтарылды.