Ақтау әкімдігі "Қала жолдарын" қайтарып алды

1029

Мекемені сенімді басқаруға беру тәжірибесі нәтижесіз болған.

Ақтау әкімдігі "Қала жолдарын" қайтарып алды

Маңғыстау облысында "Қала жолдары" ЖШС қайтадан Ақтау қалалық әкімдігінің балансына берілді. Белгілі болғандай, 2018 жылы ол "Маңғыстау БС груп" ЖШС-ға сенімді басқаруға берілген. Ол үшін қалалық қаржы бөлімі өткізген конкурстық негізде екі жақты келісімшарт та жасалған.

Алайда биыл Табиғи монополияларды реттеу комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментінің нұсқамасына сәйкес "Қала жолдарын" мемлекеттік басқаруға беру жөнінде "Маңғыстау БС груп" мекемесіне ұсыныс жолдайды. Оның тарапынан ешқандай жауап болмағандықтан, келісімшарт біржақты тәртіпте бұзылған. 

Бұдан бөлек, қала жолдарын күтіп ұстауды міндетіне алған сенімгер мекеменің жұмысына бірқатар сын айтылып отыр. Нақтылай кетсек, шаһарды тазалау кезінде он адамның жұмысын бір адамның ғана атқарған жағдайлар кездескен, қызметкерлерге төмен жалақы төленген. Тұрғындар тарапынан қоқыс-қалдықтың уақытылы алынбай, ағаштардың суарылмай қалатынына да шағым жиілепті. Қала халқы бұл мәселелердің шешімін жергілікті басшылықтан сұрайтындықтан, мазасы қашқан әкімдік "Қала жолдарын" қайтарып алуды қолайлы көріпті.

"Қазіргі уақытта "Қала жолдары" ЖШС-ға жаңа басшы тағайындалып, алу-беру актілері жүргізілуде", – деп хабарлайды Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ерғали Скендиров.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу