Ақтау әкімдігі жесір әйелді тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарып тастаған

173

Сот қалалық әкімдіктің атына жеке ұйғарым шығарды. 

Ақтау әкімдігі жесір әйелді тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарып тастаған Фото: gov.kz

Маңғыстау облыстық соты жесір әйелдің тұрғын үйге кезегін қалпына келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақпаратқа сәйкес, ерлі-зайыптылар 2009 жылдан бері некеде тұрған, олардың кәмелетке толмаған екі баласы бар. 2016 жылдың наурыз айында әйелдің күйеуі қайтыс болған. 

"2016 жылдың қазан айынан бастап әйелі "толық емес отбасы" санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған. Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі түгендеу жұмыстарын жүргізу кезінде талап қоюшының меншік құқығында оның атына тіркелген пәтері барын анықтаған. Сондықтан 2024 жылдың тамыз айындағы бұйрық негізінде жесір әйел тіркеуден шығарылған. Ол бұл шешімге шағымданып, Маңғыстау облысы бойынша МАӘС ТКШ бөлімінің әрекетін заңсыз деп танып, тұрғын үй кезегін қалпына келтіруді талап еткен. Сотта анықталғандай, 2017 жылдың маусым айында әйел қайтыс болған анасына тиесілі Ақтау қаласындағы жалпы ауданы 34,9 шаршы метр, тұрғын ауданы 17,7 шаршы метр бір бөлмелі пәтерді мұраға алған", – делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.

Сот істі қарау нәтижелері бойынша әйелдің талап қоюын қанағаттандырды.

"Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның нормаларына сәйкес жергілікті атқарушы орган бір адамға пайдалануға кемінде 15 шаршы метр және 18 шаршы метрден аспайтын жарамды алаңы бар тұрғын үй ұсынады, ал жесір әйелге мұраға қалған 1 бөлмелі пәтер белгіленген нормаларға сәйкес келмейді. Заңның 73-бабына сәйкес, белгіленген тәртіпте тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және оны алғанға дейін есепте тұрған толық емес отбасылар есептен шығаруға жатпайды. Осылайша заң бойынша жесір әйелді тіркеуден шығаруға болмайды", - делінген ақпаратта.

Сот қолданыстағы заңнама талаптарының бұзу фактісі бойынша қалалық әкімдік атына жеке ұйғарым шығарды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу