Ақтау әуежайында эскалатордан жарақат алған екі жасар қыздың отбасына сот шешімі бойынша 2 миллион теңге моральдық өтемақы төлейтін болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2024 жылдың жазында әйел Астанада кәмелетке толмаған екі баласымен бірге Ақтауға ұшып келеді. Жолаушылар терминалдан шыққаннан кейін 2 жасар қыз жолаушылар шығатын есіктер арқылы әуежай ғимаратына қайта өз бетінше кіріп кеткен.
Ішке кірген соң, бала жұмыс істеп тұрған эскалатор механизміне қолын тығып алып, саусақтарының ашық жарақатымен ауруханаға түскен. Қыз бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның шамамен 10 жасқа келгенде зақымданған саусақтарын түзету үшін ота қажет болатынын айтып отыр.
Жарақат алған баланың анасы моральдық зиянның өтемақысын талап етіп, әуежайға сотқа шағым түсірді. Алайда әуежай өкілдері оқиға баланың ересектерсіз өз бетінше эскалаторға баруынан болды деп, кінәні мойындамай қойды.
Сотта қаралған бейнежазба оқиғаның басқаша өрбігенін көрсетті. Әуежай инспекторы қызды қызметтік есіктер арқылы өткізген кезде оның қолын ұстап тұрған, алайда артынан кірмек болған анасымен сөзге келіп, баланың қолын жіберіп алған. Әйелді терминалға кіргізбеген, ал баланың соңынан ересек адам ермей қалған. Осы сәттен кейін қыз эскалаторға жақындап, жарақат алған.
Сот оқиғаға әуежай қызметкерінің кінәсі бар екенін анықтады. Инспектордың баланы ересексіз терминалда қалдыруына жол бермеуге тиіс болатын.
Соттың шешімімен әуежайдан баланың заңды өкіліне 2 млн теңге көлемінде өтемақы өндіру міндеттелді. Шешім заңды күшіне енді.