Ақтау әуежайына жақын жерлер мемлекетке қайтарылады

366

4 шақырымдық әуежайдың күзет аймағы шегінде тұрған 100-ден астам жер учаскесі мемлекетке қайтарылатын болды. 

Ақтау әуежайына жақын жерлер мемлекетке қайтарылады Фото: әуежайдан

Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылмақ, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

2022 жылдың 29 желтоқсанында Мемлекет басшысы "Көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңына қол қойды. Заңда бірқатар түзету, атап айтқанда, қолданылатын терминологияның біркелкілігі, әуеайлақ маңындағы аумақта орналасқан жер учаскелеріне құқық беру тәртібі, ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қызметке рұқсат беру бойынша Қазақстанның Авиациялық әкімшілігіне құзырет беру көзделеді.

Бұдан басқа, ҚР Жер кодексіне және "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" ҚР Заңына әуеайлақ маңындағы аумақта орналасқан жер учаскелерін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамасында көзделген шектеулерді ескере отырып, жер учаскелеріне құқықтарды алу қажеттілігі туралы талаптар енгізілді.

“Осыған байланысты 2023 жылдың екінші жартысынан бастап Маңғыстауда Ақтау халықаралық әуежайының маңында ұшу қауіпсіздігіне ықтимал қауіп төндіретін объектілерді салу мен орналастырудың заңдылығын талдау үшін бірнеше кеңес өткізілді. Түпқараған ауданының әкімдігі әуежай маңында орналасқан жер учаскелерін тексерді. Нәтижесінде 116 жеке және заңды тұлғаларға әуежайдың 4 шақырымдық күзет аймағы шегінде әртүрлі мақсаттағы жер учаскелері берілгені анықталды”,-деп хабарлады аудандық әкімдік өкілдері.

Бұл жер учаскелері 15 жыл бұрын берілген және тұрғын үй салуға емес, тек ауылшаруашылық мақсаттарына арналған екен. Қазіргі уақытта әуежайдың күзет аймағы шегінде қалған жер учаскелері ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне, сондай-ақ еркін экономикалық аймақ құруға байланысты мемлекетке қайтарылады. Әуежайларда АЭА құру Дубай, Сингапур, Эр-Рияд және басқа қалалардың әуе айлақтарында кең таралған халықаралық тәжірибе екенін атап өткен жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу