Ақтаудағы емханаға менингит жұқтырған деген диагнозбен түскен сарбаздың жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Дәрігерлер науқастың өмірін сақтау қалу үшін қолдан келер емдік шараларды жасап жатыр, деп хабарлайды BNews.kz.
Ұлттық ұланға қарайтын №6656 әскери бөлімінің сарбазы менингит инфекциясын жұқтырды деген күдікпен облыстық аурухана түскен еді. 21 жастағы сарбаз бүгінде ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Облыстық аурухана бас дәрігерінің айтуынша, қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген науқас әскери бөлімнің санитарлық бөлімшесіне хабарласқан. Әскери бөлімдегі дәрігерлер оған тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы деген диагноз қойып, тұмауға қарсы ем жүргізеді. Алайда, бұдан нәтиже болмай, денсаулығы күрт төмендеген сарбаз орталық ауруханаға жеткізіледі. Қазіргі таңда науқаспен байланыста болған адамдар дәрігерлік бақылауға алынып, әскери бөлімде карантин жарияланды.
"Біз бүгінге күнде республикалық реаниматолог дәрігерлерінің күндізгі кеңесін ұйымдастырып жатырмыз. Сырқат сарбаз денсаулығының жақсаруына қатысты қандай да бір нақты болжам айту қиын", - дейді облыстық аурухана басшылары.
Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Болат Каюповтың айтуынша, науқастың жағдайы өте ауыр деп бағалануда.
"Науқасқа "екінші дәрежелі ми комасы", "ми ісігі" "менингококк инфекциясын" жұқтырды деген диагноздар қойып отырмыз. Сарбазды санавиацияның көмегімен Астанаға жеткізуге талаптанып көрдік. Алайда, оның жағдайы аса ауыр болғандықтан тасымалдау мүмкін емес", - деді Болат Каюпов.
Айта кетейік, осы күнге дейін жұқпалы тыныс ауруларына шалдыққан деген күдікпен ауруханаға жатқызылған алты сарбаз сауығып, әскери бөлімдеріне қайтарылған болатын. Тағы бірнеше науқас жауынгер таяу күндері шығарылады деп күтілуде.