Ақтау-Баку бағытындағы жүк кемесінің экипаж мүшелері уланды Ақтаудан Бакуге бет алған жүк тасушы кеме экипажының мүшелері уланды, деп хабарлайды Trend ақпараттық агенттігіне сілтемемен egemen.kz.
Бұл ақпаратты Әзербайжан мемлекеттік шекара қызметі растады.
Ақпаратқа сүйенсек, Әзербайжан шекара қызметіне Ақтау-Баку бағытымен келе жатқан ирандық "Назмехр" жүк тасушы кемесінен хабар келеді. Хабарлама Пираллахы аралынан келіп түскен. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, Әзербайжан шекара күзеті қызметкерлері оқиға орнына бет алады. 00:30-да жеткен күзет қызметкерлері "Назмехр" жүк кемесі экипажының ауыр халдегі жеті мүшесін қабылдайды. Алғашқы жәрдем көрсетілгеннен кейін, кеме Абшерон портына қарай бет алған. Уланушыларға көмек көрсетуге дәрігерлер бригадасы келді.