Ақтау қаласындағы битум шығаратын зауыт "Caspi Bitum" ЖШС келесі жылдан бастап теңіз кемелері үшін жанармай дайындау технологиясын игеретін болады. Бұл туралы кәсіпорын директорының бірінші орынбасары Сәкен Өтелбаев хабарлады.
"Егер тапсырыс түсіп жатса, келер жылдан бастап модификацияланған және тотықтырылған жол битумын алу үшін мұнай өңдеуге дайынбыз. Сонымен қатар мастика мен эмульсия да шығаруды көздеп отырмыз. Ал солярканы қазір-ақ шығаруға кірісе аламыз", - дейді ол.
Айта кетейік, зауыттың өнімі техникалық сипаты жағынан кез келген жол-климаттық аймақтарға сәйкес келе берді.
Ақтау битум зауыты "ҚазМұнайГаз-өңдеу және маркетинг" АҚ ("ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ еншілес кәсіпорны) және "CITIC Kazakhstan" ЖШС бірлескен кәсіпорны болып табылады. Ол жол саласын жоғары сапалы битуммен қамтамасыз ету мақсатында 2013 жылы ҮИИДМБ шеңберінде (2010-2014) салынған. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 1 млн тонна шикі мұнай өңдейді. Зауыт битумның екі түрін шығарады. Атап айтқанда, созылмалы мұнай битумы және жолға арнайы түрлендірілген мұнай битумы дайындалады. 2016 жылы зауыт 623,5 мың тонна мұнай өңдеп, 110,9 мың тонна жол битумын өндірді.