Ақтау қалалық әкімдігі тұл жетімді тұрғын үй кезегінен айырды

Сот Ақтау әкімінің атына жеке ұйғарым шығарды.

Ақтау қалалық әкімдігі тұл жетімді тұрғын үй кезегінен айырды

Ақтаулық қыз 7 жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленіп, сол мекеменің бастамасымен мемлекеттен тұрғын үй алу үшін кезекке тұрған. Әкімдіктің тұрғын үй комиссиясының шешімі қабылданып, тізім жасалады. Бірақ кәмелетке толған соң тұрғын үй беру туралы өтінішпен жүгінгенімен, әкімдік үзілді-кесілді бас тартқан.  Сонысымен қоймай, тұрғын үй алу кезегінен де шығарылған. Қыз бала өз құқығын қорғау үшін Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінеді.  

"Сот дауды дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық қажетті құжаттарды талап етіп алдырды. Талапкерге жағдайдың құқықтық салдарын алдын ала түсіндіре отырып, талап қоюды тұжырымдау мен өзгертуге жәрдем көрсетті. Сотта жауапкер боп саналатын қала әкімдігі талапкерді ұзақ жыл бойы тұрған кезегінен, заңды негіздерсіз тұрғын үй алу құқығынан айырып, заңмен кепілдік берілген баспана беруден бас тартқаны анықталды. Сот үкімді балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісінің пайдасына шығарды және Ақтау әкіміне 2008 жылдың тамыз айынан бастап қызды "жетім" санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қайта қоюды міндеттеді",- делінген Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының хабарламасында.

Сонымен қатар, анықталған заң бұзушылықтар бойынша сот Ақтау әкімінің атына жеке ұйғарым шығарды. Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енді. Шешім толық орындалды. 

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу