Ақтау қаласында су тапшылығы шешілер емес

1046

Ақтаудың шағын аудандары ыстық судан ажыратылды.

Ақтау қаласында су тапшылығы шешілер емес

Жазда ақтаулықтар су тапшылығынан қиындық көреді. Өңірде су тұщытатын іргелі екі кәсіпорын: "Маэк-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС күніне 52 мың текше метр, ал "Каспий" су тұщыту зауыты 20 мың текше метр су өндіреді. Бірақ олардың қауқары жетер емес. Ақтауда халық санының күрт артуы, жаңадан бой көтерген шағын аудандардың, туристік нысандардың көбеюі халықты сумен толық қамтуда қиындық туғызып отыр.  


"Біз жаңадан салынған шағын ауданда тұрамыз. 90-жылдардағы күйді кешіп отырмыз. Су кестемен беріледі. Сол кезде ыдыстарға су жинап аламыз. Күннің ыстығы 45 градус, уақытылы жуына да алмаймыз. Әжетхана жағы тіпті қиын. Жаңа үйлерді салуға рұқсат бергенде су жағын неге ойламайды? Құрылыс тоқтайтын емес. Бес жұлдызды қонақ үйлерде бірнеше бассейн суы күнде ауыстырылып жатқанда, қарапайым халық ауыз сусыз отыр", – деп ашынады Ақтау қаласының тұрғыны Нұргүл Хасанова.  


Қазір Ақтаудың шағынаудандары ыстық судан ажыратылды. Өйткені теңіз суы температурасының 16°С-тан 25°С-қа дейін артуына байланысты дистиллят бойынша тұзсыздандыру қондырғыларының өнімділігі тәулігіне 70 мың текше метрден тәулігіне 63 мың текше метрге дейін төмендеді.

– Ауыз су резервуарларындағы деңгейді ұстап тұру үшін 22 тамыздан бастап ыстық су беру тоқтатылады, – делінген "МАЭК-Қазатамөнеркәсіп" ЖШС хабарламасында.

Тіршілік нәрін өшіру теңіз суының температурасы төмендегенше жалғасады.  

Мәселені түбегейлі шешу үшін жергілікті билік ауқымды 9 жобаны жүзеге асыруы тиіс. "Каспий" су тұщыту зауытының қуатын 20 мыңнан  40 мың текше метрге  көбейту арқылы тіршілік нәріне деген біршама мұқтаждықты өтеуге болады. Бұл жобаға 12,6 млрд теңге бөлінген.  

"Кәсіпорындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының тең жартысы аяқталды. Жыл соңында толық бітіру жосапарланып отыр. Сол кезде Мұнайлы ауданы, Түпқараған ауданының Ақшұқыр және С.Шапағатов ауылдары мен  Қарақия ауданының Құрық кенті толығымен ауыз сумен қамтылады. Алдағы уақытта тағы да зауыт қуатын 100 мың м3 дейін жеткізу жоспарланып отыр", – деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров.

Ақтау қаласынан тәулігіне 20 000 текше метр су тұщыту зауытын салу жобасы басталады. Жоба құны – 4 млрд теңге. Сондай-ақ, "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС аумағынан 24 мың текше метрлік су тұщыту қондырғысы салынатын болады. Сонда Ақтау қаласының халқын 100% сумен қамту жоспарланып отыр. Жоба 2024 жылы толық аяқталмақ. Демек халық әлі 2 жыл ауыз судан тарығады деген сөз.

Тасым Жаңай
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу