Маңғыстау облысының әкімдігі, "Source Energy" ЖШС және ҚХР "Huaming Guangdong smartled co LTD" компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Осы әріптестік аясында Қытай компаниясы Ақтау қаласының көшелеріндегі жарық желілерін күн сәулелері арқылы жұмыс істейтін жарықтандырудың жаңа үлгісіне ауыстырады.
"Астана ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне дайындық аясында Ақтау қаласындағы көше жарықтары жасыл экономика негізінде жұмыс істейтін жарықтандыру үлгісіне өтеді. Бұл – Қытай компаниясының ұзақмерзімді инвестициялық жобасы. Жоба Маңғыстау облысының барлық аумағын қамтуды жоспарлап отыр", – дейді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Жобаны іске асыру жоспарын жасақтау үшін үшжақты жұмыс тобы құрылады. Энергияны үнемдейтін құрылғыны орнату, оны іске қосу, реттеу жұмысының барлығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ұйымдастырылады.
"Жоба Ақтау қаласынан басталады. Мұнда бүгінде натрилі жарық қолданылады. Оның барлығы заманауи жарықдиодты шамдарға ауыстырылады. Жаңа құрылғының орнатылуымен қала энергия көзін 70%-ға дейін үнемдей алады. Осы арқылы инвестор өз қаражатын қайтарады", – деп хабарлады "Source Energy" ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Оралбек Ботбай.
Содан кейін өзара ынтымақтастық туралы дәл осындай меморандум Ақтау қаласының әкімдігі, "Source Energy" ЖШС және ҚХР "Huaming Guangdong smartled co LTD" компаниясы арасында жасалды.