Сенат "Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы" ҚР заңын қабылдады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің мәлімдеуінше, бұл келісім Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттер арасында жасалды. Келісім тараптардың ішкі су жолдары бойынша кемелердің транзиттік өтуіне рұқсат беру тәртібін жеңілдетуді көздейді.
"Келісімде транзиттік өтуге арналған өтінімді қарау мерзімі – 10 күн және рұқсатты уәкілетті орган РФ көлік министрлігі болып белгіленді. Келісімге қатысушы елдердің ішінде кемелердің транзиттік жүзуі тек Ресейдің ішкі су жолдарымен жүзеге асырылады. Қазіргі кезде транзиттік өтуге рұқсатты Ресей Федерациясының үкіметі береді және осы рұқсатты алу 3 айдан 6 айға дейінгі мерзімді қамтиды. Негізінен жүктер Қара теңіз порттарынан Ақтау, Құрық, Баутино, Атырау порттарына Еділ, Дон каналы арқылы жеткізіледі", – деді вице-министр.
Берік Камалиевтің айтуынша, Ресейдің ішкі су жолдары арқылы тек қазақстандық компаниялардың жеңілдетілген тәртіппен өту мүмкіндігі бар. Қазір Еуразиялық одаққа мүше емес Каспий маңы елдері Әзербайжан, Иран, Түрікменстанның Каспий порттарынан Қара теңіз порттарына жүктерді тасымалдау үшін қазақстандық "Қазақтеңізкөлікфлоты" мен OMS shipping тасымалдаушыларын тартуға ниет білдіріп отыр.
"Біздің Ақтау және Құрық порттарының ТрансКаспий халықаралық көлік маршруты бойынша өткізу қабілеті артады. Келісімді қабылдаудың арқасында Ресейдің ішкі су жолдарымен транзиттік тасымал көлемін 2025 жылға қарай шамамен 250-300 мың тоннаға арттыруды көздеп отырмыз, – деді вице-министр.
Қанат Махамбет