Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтауда ТМД-да теңдесі жоқ әуе хабын құру жоспарланғанын да айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген әкім өңірдің транзиттік әлеуетіне тоқталып өтті.
– Өңірде құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған. Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 96%-ы жақсы жағдайда. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіш. Биыл аймақта 215 шақырымды қамтитын 12 автомобиль жолын салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстау облысының транзиттік әлеуеті зор. Жыл басынан бері "Ақтау", "Құрық" порттары және Солтүстік терминал арқылы 6,8 миллион тонна жүк тасымалданып, өсім 3,5 пайызды көрсетті, – деді ол.
Аймақ басшысының сөзінше, Ақтау Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналмақ. Ірі әуе хабын құру да теңдесі жоқ жоба болғалы тұр.
– Ақтауда ірі әуе хабын құру бастамасы да Үкіметтен қолдау тапты. ТМД елдерінде теңдесі жоқ жобаның инвестициялық құны – 1 млрд доллар. Әуе хабы іске асқан жағдайда Ақтау – Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналады деп күтілуде. Сонымен қатар, өңірде қоғамдық көліктерді жаңғырту мәселесі ерекше назарда. Ақтау қаласына 91 дана жолаушы автобус сатып алынып, нәтижесінде қала автобусының паркі 100%-ға жаңартылды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.