Ақтау портындағы теңіз түбін тереңдету жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады

329

​Ақтау халықаралық теңіз сауда портында теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақтау портындағы теңіз түбін тереңдету жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады Фото: Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты

Жоба нәтижесінде порт акваториясының тереңдігі 6–7 метрге дейін жеткізіліп, кемелердің толық жүкпен қатынауына жағдай жасалады.

"Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлағандай, жұмыстарды Қытайдың China Harbour Engineering Company Ltd (CHEC) компаниясы атқарып жатыр. Мердігер геодезиялық зерттеулерден бастап, теңіз түбінен топырақ шығаруға дейінгі барлық жұмысты орындайды.

Жоба аясында порттың кіреберіс арналары мен айлақтар маңындағы операциялық аумақтарды қоса алғанда, жалпы көлемі 77,1 гектар жер қамтылады. Жоспар бойынша теңіз түбінен 1,3 млн текше метр топырақ шығарылады.

Компанияның мәліметінше, Каспий теңізінің тартылуы салдарынан айлақтар маңындағы тереңдік 4,5–5 метрге дейін азайған. Жұмыстар аяқталған соң бұл көрсеткіш 6–7 метрге жетеді.

"Бұл кемелердің қажетті шөгу тереңдігін қамтамасыз етіп, олардың толық жүкпен кіруіне мүмкіндік береді", – делінген компания жауабында.

Шығарылған топырақ арнайы учаскелерге жеткізіліп, жаңа айлақтар салуға арналған жасанды аумақ қалыптастыруға жұмсалады.

Жобаның негізгі мақсаты – порттың өткізу мүмкіндігін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту. Компанияның болжамынша, жұмыстар аяқталғаннан кейін Орталық дәліз бойынша жүк тасымалы көлемін 30 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады.

Ал 2028 жылға қарай бағыттың өткізу қабілетін жылына 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар кемелерді толық жүктеу мүмкіндігі теңіз арқылы жүк тасымалдау құнын шамамен 10–15 пайызға төмендетуге ықпал етеді деп күтілуде.

Жобаның жалпы құны – 20,6 млрд теңге. Қаржыландыру қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Жобаны Қазақстан Үкіметі мен Көлік министрлігі үйлестіреді.

Теңіз түбін тереңдету жұмыстарының алғашқы кезеңі көктемде басталған. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу