2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан мұнайын Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемі 2 млн 484,8 мың тоннаны құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 864 мың тоннаға немесе 53% артық.
"Ақтау портынан Баку порты бағытында мұнай тасымалдау көлемі 870 мың тоннаға ұлғайып, барлығы 990,2 мың тоннаны құрады. Махачкала порты бағытында Ақтау портынан 1 млн 494,6 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілді. Бұл 2022 жылдың 9 айымен салыстырғанда 5,9 мың тоннаға аз",- дейді Ақтау портының қызметкерлері.
Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын. Осыған сәйкес "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры бағытында Теңіз кен орнынан жылына 1,5 млн тонна мұнай тасымалдауды мақсат ететін келісім жасады.