2019 жылдың 16 сәуірінде Ақтау теңіз портынан Баку портына контейнерлер тиелген алғашқы қазақстандық "Түркістан" фидерлік кемесі жөнелтілді, деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.
Фидерлік тасымал кезінде екі толыққұрамды контейнерлік пойыздың жүктерін бір кемеге тиеуді қамтамасыз ететін, 225 жиырмафуттық контейнер сиятын кемелер пайдаланылады.
Қытайдан Еуропаға шоғырландырылған транзиттік тауарлар контейнерлерде қазақстандық экспорттық жүктермен қатар жеделдетілген режимде тасымалданатын болады. Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия теміржолшылары Ляньюньганнан Стамбұлға баратын контейнерлік пойыздар құрамының транзиттік тасымалын 16 тәулікте қамтамасыз етуге дайын.
Бұл ретте Ақтау теңіз порты, "Қорғас – шығыс қақпасы" АЭА Құрғақ порты, Алтынкөл шекаралық станциясының логистикалық инфрақұрылымын белсенді пайдалану Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымал тиімділігін қамтамасыз етеді.
Фидерлік кемелер апта сайынғы негізде тұрақты қатынап тұрады, бұл Каспий аймағында жүктерді контейнерлендіруді ары қарай дамыту және Транскаспийлік халықаралық көлік бағыты бойынша жүкағынының артуына ықпал етпек.
"Транскаспийлік бағыт аймақтағы еуразиялық көліктік артериясының маңызды тізбегі. Түркиядан, Грузиядан және Әзірбайжаннан керісінше Қытай бағытына жүкағынын тарту үшін біз бұл бағытта бәсекеге қабілетті ететін коэффициентті төмендетіп белгіледік", – деп атап өтті тұрақты фидерлік қатынастың ашылуында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев.
Шара шеңберінде "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мен "ҚазМұнайГаз" АҚ арасында Құрғақ жүктерді тасымалдаудың бас келісіміне қол қойылды.