Ресей азаматтығы бар Ақтау қаласының тұрғыны Қазақстан шекарасын қайықпен кесіп өтпек болған. Осылайша, құжаттарының мерзімі өтіп кеткені үшін жауапкершіліктен жалтарамын деп ойлаған. Бұл туралы Астрахань FM ақпараттық басылымы хабарлайды.
Өңірлік шекара басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Астрахань FM хабарлауынша, ер адам 2013 жылдан бері Ақтау қаласында уақытша тұрып келе жатқан, кейде еліне барып тұрған. Тағы еліне бармақшы болған ол көрші елде уақытша тұруға берілген мерзім өтіп кеткенін біліп, әкімшілік жауапкершіліктен қашып, шекараны шығынсыз өтудің жолдарын қарастырған.
"Ресей азаматы Қазақстан Республикасының "Кудряшово" елдімекеніне келіп, жергілікті тұрғындармен танысады. Жаңа таныстарының "Казанка" қайығы бар екенін білгеннен кейін, Қиғаш өзені арқылы шекараны қайықпен кесіп өтпек болады. Одан әрі "Қараөзек" өткізу бекетіне жетіп, қолындағы РФ азаматының төлқұжатымен шекаралық бақылаудан белгіленген тәртіп бойынша өтуді ойлаған. Алайда оның ойы жүзеге аспай қалды. Енді 5000 рубль көлемінде айыппұл төлейді", – деп хабарлайды ақпараттық басылым.