Ақтау қаласының тұрғыны Сәния Болтабекова Samsung Galaxy S5 маркалы телефонын бар болғаны бір апта ғана пайдаланыпты. Алайда ұялы телефон кезекті рет қуаттап жатқан кезінде жарылған, деп жазады tumba.kz.
"Кешкісін телефонды қуаттауға қойдым, оны қасыма қойып, өзім ұйқыға жаттым. Таңертең қатты жарылған дыбысты естіп оянсам, айналам түтінге толып кетіпті. Мен үстімдегі жамылғыны сілкіген кезде, телефон еден түсті. Еденде телефонның батареясы бықсып жатыр екен. Жақын жерде стақанда су тұрған еді, отты сумен өшіре қойдым. Едендегі ламинат күйгені болмаса, айтарлықтай зақым келген жоқ", – дейді Сәния Болтабекова.
Бұл оқиға өткен жылғы желтоқсан айында болған. Өткен аптада Samsung компаниясы Сәния Болтабековаға өтемақы төледі.
"Компанияның Алматыда орналасқан бас кеңсесі маған 130 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуді ұйғарыпты. Сондай-ақ олар кешірім сұрады", – дейді зардап шеккен Ақтау тұрғыны.