Ақтау жаңа жылдық безендіруге 13 миллион теңге жұмсамақ

1123

Ақтау жаңа жылдық безендіруге 13 миллион теңге жұмсамақ

Ақтауды жаңа жылдық безендіруге 13 млн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мердігер компанияны анықтау үшін конкурс жарияланды.  Конкурсқа  2017 жылғы 19 қарашаға дейін өтініштер қабылданады.

Ақтау тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Берік Ізғалиевтің айтуынша, жаңа жылдық безендіруге ақтаулықтар тәуелсіздік күнінен кейін кіріседі. Конкурс жеңімпазы желтоқсанның басында анықталады. Осы мақсатта бюджеттен 13 миллион 901 мың 785 теңге қарастырылып отыр.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, мердігер компания 20 желтоқсанда іске кірісіп, үш күн ішінде "Ынтымақ" және "Астана" алаңдарын, сондай-ақ облыстық әкімдік пен "Қазақтелеком" ғимаратының алдындағы алаңды безендіруге тиіс.

12 метрлік екі шырша "Ынтымақ" және "Астана" алаңдарына қойылады. "Ынтымақ" алаңындағы 714 метрге созылып жатқан бұталар, 100 боз арша және 326 түп ағаш  жарық диодты гирляндалармен көмкеріледі. Облыстық әкімдік пен "Қазақтелекомның" маңындағы және "Астана" алаңындағы бұталар мен ағаштар да гирляндалармен, кестелермен, жылтырауық шамдармен безендіріледі. "Астана" алаңындағы "Каравелла" монументі 738 жарық диодты гирляндамен әшекейленеді, сондай-ақ "Ақбота" паркін де жарық диодты шамдармен безендіру жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу