Ақтау зообағы тексерілуде

1092

Онда өлі жануарлардың жатқаны жайлы бейнежазба жарияланған. 

Ақтау зообағы тексерілуде

Ақтауда зообақта қимылсыз жатқан қояндар жайлы 16 мамыр күні түсірілген бейнежазба дау тудыруда. Қазір ол жерде тексеру жұмысы жүріп жатыр, мекеме иесі жануарлардың тірі екенін, тек тұрғындар жүрген кезде ұйықтап жатқанын айтып отыр, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

"Ақбота" МКМ өз аумағында орналасқан зообақтағы жануарларға жауап бермейді екен. Оның иесі – жеке кәсіпкер болып табылады. Зообақ соңғы жылдары кең тарап, жер-жерде көптеп ашылып жатқан "контактілік" бақтардың қатарына жатады, яғни бұл жерде жануарлар емін-еркін жүріп, келушілер оларды ұстап, сипап, тамақтандыра алады. Алайда зообақ жайлы кезекті бейнежазбада оны қызықтап барғандар қозғалмай жатқан қояндарды көрсетіп, олардың өліп қалғанын, бұған дейін де бақта өлі тасбақа, атжалмандар жатқан жағдайлары кездескенін айтады. Сөздеріне көз жеткізу үшін олар қояндардың бірін құлағынан тартып, қозғап та көрген.

Болған жайға орай Қазақстан экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева оқиға орнына Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық  инспекциясының қызметкерлері барып, тексеріп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ, министрлік өкілі елдегі мұндай контактілік зоопарктерді жабу керек деген пікірін білдірді. "Бұған дейін наурыз айында Қарағанды қаласының тұрғындары көліктің терезесінен қарап бара жатқан арыстанды көрген еді. Кейін анықталған, ол да осындай зоопарктегі жануар болып шықты, оны мұндай машинада алып жүруге құқық берілмеген. Ақтаудағы жағдай одан да сорақы", дейді ол.  

Айта кетейік, биыл жануарлар қорғауға бағытталған арнайы заң қабылданбақ. Онда жануарларға қатыгездікпен қараған деректер бойынша кінәлі тұлғаларды қатаң жазалау көзделген.  

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу