Ақтауда 10 млн теңгеге салынған "Бекіре" мүсіні қирап қалды

897

Каспий теңізі жағалауына "Бекіре" сәулет нысаны алты ай бұрын ғана салынған.

Ақтауда 10 млн теңгеге салынған "Бекіре" мүсіні қирап қалды

Аз уақытқа шыдас бермеген мүсін шұрық-тесік болып ойылып, бояуларының түсі оңып кетті. Оны жақынырақ зерттеген ақтаулықтар мүсіннің іші қуыс, өзі  пенопластан құрастырылғанын көрді. Ал сәулет өнер туындысы монтаж көбігімен бекітілген болып шықты. Желі қатты соғатын әрі ылғалдылығы жоғары жағалауға сапасыз мүсінді көзбояушылықпен қойды ма, деп ренішін жасырмады тұрғындар.

"Біз бекіре тұқымдас балықтың ішкі әлемін қарап шықтық. Көңіліміз құлазыды. Теңіз жағасына "Қызыл кітапқа" енген теңіз маржаны саналатын балықты қойған екен, сапалы қылып салуы керек еді. Енді жағалаудың көркін кетіріп, қоқысқа айналып тұр", – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Лиза Қуанышбекқызы.

Естеріңізге сала кетейік, жағалауда орнатылған ұзындығы 13 метр, ені 2 метрлік "Бекіре" мүсіні бұрын да даудың ортасында болған. Халық қала бюджеті есебінен сәулет нысаны салынғанына қарсы шыққан. Қазына қаржысы желге ұшқанмен бірдей деп сын айтқан болатын. Ақтау қаласы әкімдігінің өкілдері 10 млн теңгеге бағаланған нысан демеушінің қаражатына орнатылғанын мәлімдеді.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу