Ақтауда 100-ден астам домбырашы Тәуелсіздік мерекесіне тарту жасады

797

Ақтауда "Ұлы дала мұрагерлері" атты домбырашылар шеруі өтіп, бір мезгілде 130 өнерпаз домбырада ойнады. 

Ақтауда 100-ден астам домбырашы Тәуелсіздік мерекесіне тарту жасады Фото: inbusiness.kz

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Тәуелсіздік мерекесіне орай Қабиболла Сыдиқов  атындағы облыстық  кітапханада "Ұлы дала мұрагерлері" домбырашылар шеруін ұйымдастырды. Жалпы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде "Ұлы дала мұрагерлері" домбырашылар шеруі жыл сайын өткізіліп келеді. 

Шараның басты мақсаты - Тәуелсіздік мерекесін ұлықтаумен қатар, сол тәуелсіз елдің жас ұрпағы, мектеп оқушыларына ұлттық дәстүрді насихаттау.

Мерекелік шара мектептің "Қос перне" домбырашылар ансамблінен құралған 130 күйшінің қатысуымен өтті. Шара барысында халық күйі "Жастар биі", "Нар ағашы", "Балбырауын" күйлерін домбырашылар бір мезетте орындап, домбыраның күмбірлеген үні көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

Ұлттық аспапты жұртшылыққа насихаттау бағытындағы айтулы шараның алғы сөзін мектептің "Қамқоршылық кеңесінің" төрағасы Жаңабай Сүйіндіков ашты. Сондай ақ, мектеп директоры  Ринат Жұмабаев шарада сөз алып, халқымыздың мәдениеті мен музыкасын дәріптеу, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі бұл шараның маңызы зор екендігіне тоқталды.

- Дәстүрлі шараның мақсаты домбыра аспабын мектеп оқушылары арасында насихаттап, ұлттық құндылығымызды дәріптеу. Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әрбір 7-сынып оқушысы міндетті домбыра үйрену сабағына қатысады. Бүгінгі шарада өнер көрсеткен домбырашылардың көбі 7-сынып оқушылары, демек домбыраны қолдарына алғаш ұстап, қысқа мерзімде осындай жетістікке жетуде,- дейді "Қос перне" домбыра үйірмесінің жетекшісі Гүлсім Тәжмағамбетова.
 
Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылынан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 7-сынып оқушыларына домбыра сабағы міндетті түрде өткізілу жоспарына енгізілді.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу