"Ақ джип мінген адам": Ақтауда 18 жастағы мүмкіндігі шектеулі жігітті зорлап кеткен

778

Бұл жағдай 27 желтоқсан күні болды.

"Ақ джип мінген адам": Ақтауда 18 жастағы мүмкіндігі шектеулі жігітті зорлап кеткен Фото: pixabay.com

Оқиғаны зардап шеккен тұрғынның анасы хабарлады. Оразгүл Қонысованың айтуынша, аялдамада тұрған ұлын белгісіз адам көлікке отырғызып алып кетіп, зорлаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.                

– Балам 2,5 сағаттан кейін келді. Келді де "мама, аялдамада мені біреу машинаға міңгізіп алып, зорлап кетті. Үйге таксимен әрең жеттім, ақшасын төлеу керек", – деді. Сыртқа шықсам, такси жоқ, күтпей кетіп қалған. Үйге келіп қайтадан сұрадым. Балам ауыр жағдайда болды. Айтуынша, оны теңіз жағаға апарып зорлап, белгісіз жерге түсіріп кеткен. Костюм-шалбар киген, ақ джип мінген адам дейді, – Оразгүл Қонысова.

Оразгүл Қонысова бірден полиция бөлімшесіне барып, шағым айтқан. Алайда, сараптама кеш жасалған. 

– Полиция бөліміне бардым. Олар бізді бірден Ақтау қалалық полиция басқармасына алып барды. Онда жауап алған жоқ, арызымды қабылдаған жоқ. 1,5 сағаттан соң үйге қайтарып жіберді. Келесі күні таңғы сағат 4 те шақырып, кешкі алтыға дейін жауап алды. Содан өздері қасымызда еріп жүріп, сараптамаға алып барды. Алайда, сараптама проктологтың анықтамасы жоқ деп қабылдамады. Ақылы проктологқа барсақ, кеш қалдыңыздар, екі сағат ішінде келу керек едіңіздер деді. Осылай жүргенде сараптама 4 күнге кешікті. Одан кейін көшедегі камераларды қарауға рұқсат бермей қойды, – дейді әйел.

Оразгүл Қонысова прокуратураға да шағым жазған. Алайда, 40 күн өткен, жауап жоқ. Талабы – кінәлі адамды тауып, жазаланғанын қалайды. Жалғызбасты әйелдің екі ұлы бар. Зардап шеккен 1-топтағы мүгедек баласы.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.  

– Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодекстің 121-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері). Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Істі полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды. Тергеу жалғасуда, – делінген хабарламада.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу