Ақтауда 20 млн теңгеге жасалған әткеншек пен жасанды гүлдер сынып қалды

1428

Бюджеттің қомақты қаржысы желге ұшты деп даурыққан халық әлеуметтік желіні шулатты.  

Ақтауда 20 млн теңгеге жасалған әткеншек пен жасанды гүлдер сынып қалды

Шенеуніктер бүлінген заттарды жөндеуге мердігерлер міндеттеледі дейді. Құны 5 жарым млн теңгеге жасалған "Заманауи ағаш үй" деп аталатын әткеншек шаһардың орталық көшесіне осыдан 10 күн бұрын ғана орнатылған болатын. Бірақ оларды жерге бекіткен шынжырлар үзіліп қалған.

"Әткеншектің астыңғы жағы үзіліп кеткен. Байқаусызда немеремді отырғызып қойдым. Ересек адамдар келіп отырады. Жасөспірімдер де қалыспайды. Ақтауға мынадай дүниелер керек, бірақ сапалы қылып жасағанын сұраймын", – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Шынар Жарымбетова.

Бұдан бөлек, сол көшенің бойына қойылған "Гүлді алаңдағы" пластикалық қызғалдақтар да үзіле бастады. Кейбіреулері сынып, электр сымдары ашық жатыр. Бұл жобаға 15 млн теңге жұмсалған. Мердігерлермен Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі 16 қыркүйекте шарт жасасты.

"Әткеншек те, гүлдер алаңы да қала әкімдігіне әлі тапсырылмаған. Мердігер мекемеге тапсырма берілді. Қайтадан қалпына келтіріп, қатайтып қояды. Ал гүлдер алаңы бойынша қазіргі таңда ол жақта жұмыстар жүргізілуде. Әкімдік теңгеріміне алынғаннан кейін мердігерге күтіп-баптауға береміз", – деп түсіндірді Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің коммуналдық сектор меңгерушісі Айбек Ербөлеков.

Бұл екеуі де төрт нысаннан тұратын кешенді инсталляцияның бір бөлігі. Енді жұрт қалған "Жұлдызды аспан" мен теңіз жағасындағы әткеншектерге де сенімсіздікпен қарап отыр. Қалалық бюджеттен 43 млн теңге бөлінген кешенді жобаға қолданылған материалдардың сапасы сын көтермейді, – деп шағымдануда жергілікті тұрғындар.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу