Ақтауда 28 млн теңгеден астам қаражат жымқырған ӘМСҚ басшысы сотталды

369

Оған сот үш жарым жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза қолданды.

Ақтауда 28 млн теңгеден астам қаражат жымқырған ӘМСҚ басшысы сотталды Фото: Ашық дереккөзден

Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры филиалының бұрынғы директоры Руслан Бектубаев 2020-2022 жылдар кезеңінде мемлекетке 28 574 478 теңге сомасында залал келтірген. Оған сот үш жарым жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза қолданды. Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, осы жылдың 1 маусымындағы сот үкімімен Бектубаев ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте, судьяда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банктерінде және оның ведомстволарының, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның, мемлекеттік ұйымдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, үш жарым жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Руслан Бектубаевқа қатысты қылмыстық іс Ақтау қалалық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша қаралды.

“Сотталушы "ӘМСҚ" КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры бола тұра, өзінің басқарушылық өкілеттіктерін пайдалана отырып және ұзақ уақыт бойы әріптесі "Мед" ЖШС-нің директорымен достық қарым-қатынаста болып, үшінші тұлғалар арқылы материалдық пайда алу мақсатында Қордың меншігіне қарсы іс-қимыл жасауға жәрдемдесуге өз келісімін берді”, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Қордың бұрынғы басшысы "Мед" ЖШС директоры өндірістік базада медициналық қызметтерді жүзеге асырмайтынын біліп, оның компаниясының қызметіне қатысты мәселелерді шешуде қолдау көрсеткен. Бектубаев пен "Мед" ЖШС директоры арасында 2021 жылғы 16 қаңтардағы ӘМСҚ жүйесінде медициналық қызметтерді жалған сатып алу шарттары жасалған.

“Сотталушы кінәсін толық мойындады, жасаған ісіне шын жүректен өкініп, келтірілген залал толығымен өтелді. Мемлекеттік айыптаушы үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеуді сұрады”, - делінген сот хабарламасында.

Сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар бойынша сот мүліктік залалды ерікті түрде өтеуді, шын жүректен өкінуді, жасының үлкендігі қаралды. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар табылған жоқ. "Мед" ЖШС директорына қатысты қылмыстық қудалау жәбірленушімен татуласу және зиянды өтеу негізінде тоқтатылды. Еске сала кетейік, Ақтауда әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры филиалының басшысы Руслан Бектубаев осы жылдың қаңтар айында қамауға алынған еді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу