Ақтауда 3 заң бұзушылыққа жол берген 24 жастағы жүргізуші жауапқа тартылды

88

Оның көлігі арнайы айыптұраққа қойылды.

Ақтауда 3 заң бұзушылыққа жол берген 24 жастағы жүргізуші жауапқа тартылды Фото: atpress.kz

Ақтауда бірден үш әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға 7 қарашада Ақтау қаласындағы 17 және 18А шағынаудандары арасындағы жолда, "Халық Арена" спорт мектебінің маңында болған. Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіптің бұзылуын анықтаған.

Тексеру барысында Chevrolet Cobalt көлігін басқарған 24 жастағы жүргізушінің бірнеше заң бұзушылыққа барғаны белгілі болды.

Атап айтқанда, ол ұсақ бұзақылық жасаған, көлік басқару құқығы болмаса да рөлге отырған және міндетті техникалық байқаудан өтпеген автокөлікті басқарған.

Осыған байланысты ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі, 612-бабының 2-бөлігі және 590-бабының 9-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша сот шешімімен оған 86 500 теңге айыппұл салынды. Ал автокөлік мамандандырылған айыптұраққа қойылды.

Полиция қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерін сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу