Ақтауда аққулардың жаппай қырылу себебін алматылық ғалымдар зерттейді

350

Ақтау қаласының іргесіндегі Қаракөлде қырылған аққулар саны 600-ден асып барады. 

Ақтауда аққулардың жаппай қырылу себебін алматылық ғалымдар зерттейді Фото: Үстірт қорығынан

Мұны Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы растады. Құстардың жаппай қырылу себептерін анықтау үшін Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының орнитологтары зерттеу жүргізеді.

Ақтауда Қаракөл көлінде 2023 жылдың 21 желтоқсанынан бастап аққулардың жаппай қырылуы басталды, онда алдымен 30 құстың өлексесі табылған еді. Қазір 600-ден астам құс өлді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов осы мәселе талқыланған жиында баяндады. Оның айтуынша, Қаракөл көлінде өлген аққулардың саны күн сайын өсіп барады.

“Біз Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты ұлттық референттік орталықтың мамандарымен, микробиология және вирусология институтының сарапшыларымен байланысқа шықтық. Олар тексеру жүргізу мақсатында өлген аққулардан сынама алу үшін мамандар жіберді. Қазіргі уақытта, 2024 жылдың 6 қаңтарындағы жағдай бойынша 601 аққудың өлімін тіркедік. Өлген аққулардың 90 пайыздан астамы-балапандары. Қосымша зерттеулер жүргізу үшін Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының оринтологтарын күтеміз”, - деді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов.

Бастапқы талдаулар нәтижесі аққулардың құс тұмауын жұқтыру себебінен өлуі мүмкін екенін көрсеткен.

“Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауының өршуінен болғанын көрсетеді. Олардан H5N1 азиялық штаммы табылды. Бұл вирустың адамдарға жұқпалылығы төмен, құстарға әсер етеді, басқа жануарлар жұқтырған жағдайда симптомсыз өтеді. Өткен жылы ветеринариялық - профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес қауіп төнген аймақта алты мың бас құс вакцинацияланды. Облыста барлығы үш құс шаруашылығы бар, бірақ оларда шаруашылықтың жабық түрі болғандықтан құстарды егуден бас тартты”, - дейді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.

Оның айтуынша, облыстың ветеринариялық қызметтерінің күшімен жеке қосалқы шаруашылықтардағы үй құстары арасындағы эпизоотиялық жағдайға күнделікті негізде мониторинг жүргізілуде.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құстардың жаппай қырылуына қатысты орын алған жағдай, оның таралу себептеріне байланысты көптеген сұрақтар туындатып отырғанын, бұл жағдай егжей-тегжейлі тергеуді талап ететінін атап өтті.

“Экологтар мен білікті мамандар мәселенің мән-жайын бірге анықтап, мұның одан әрі таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдауы керек. Орнитологтар құстардың тамақтануы туралы нақты ұсыныстар беруі керек. Кейбір сарапшылар аққуларды тамақтандыру қолдаса, ал басқалары, керісінше, қауіп деп санайды. Асығыс қорытынды жасауға болмайды, алдымен анықтау керек”, - деп тапсырды Нұрлан Ноғаев.

Үстірт мемлекеттік тарихи қорығы директорының міндетін атқарушы Жасқайрат Нұрмұхамбетов өңір тұрғындары мен қонақтарын аққуларды азықтандыру ойынан бас тартуға шақырды.

“Біз өңіріміздің табиғатын сақтауға белсенді қатысқаны үшін халыққа алғыс айтамыз. Алайда, осы мәселеге барынша саналы түрде қарауыңызды сұраймыз. Қаракөл көлі-таяз, бұл жағдайда азықтандыру бүкіл экожүйе үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Сонымен қатар, Аққулар тек құрғақ астықпен қоректенбейді, олар су асты өсімдіктерімен қоректенеді”, - деп атап өтті Үстірт мемлекеттік тарихи қорығы директорының міндетін атқарушы Жасқайрат Нұрмұхамбетов.

Қаракөл көлі Қазақстанның қорғалатын орнитологиялық орындарының қатарына жатады. Бұл мекен мыңдаған құстардың қыстап кететін орны. Бір жыл ішінде Қаракөл көліне құстардың 80-нен астам түрі, соның ішінде аққулар мен бүркіттер келеді. Бұл сулы-батпақты алқапта жылдың әр мезгілінде суда жүзетін және су маңындағы құстардың 175 түрі, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстардың 21 түрі мекендейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу