Ақтауда алғаш рет жерасты қоқыс жәшігі орнатылды

1011

Инвесторлар Ақтау қаласына жерасты қоқыс жәшігін сыйға тартты.     

Ақтауда алғаш рет жерасты қоқыс жәшігі орнатылды

Жерасты контейнерінің бірнеше артықшылықтары бар. Мәселен, қаланың эстетикалық келбеті жақсарып, жағалау аймағындағы туризмнің дамуына оң әсерін тигізеді. Қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына да қолайлы болмақ. Өйткені қоқыстан қолайсыз иіс шықпайды және арнайы техникамен шығару кезде жан-жаққа төгілмейді.

"Ақтау қаласына келгеніме 2 жылдан асты. Әсем қалада ескі контейнердің тұрғанын көріп, компанияның атынан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай осындай жерасты қоқыс жәшіктерін сыйға тартуды шештім. Көрші елдер арасындағы ынтымақтастық нығая берсін", - деді түрік компаниясының директоры Әли Делибудак.

Сонымен қатар заманауи контейнердің көлемі қазіргі қолданыстағы қоқыс жәшіктерінен әлдеқайда үлкен. Бұл өз кезегінде қоқыс тазалау мен тасымалдау көлемін азайтып, онымен айналысатын мекемелер үшін біршама жеңіл болмақ. Қазіргі таңда қоқыс шығарушы компаниялардың арнайы техникалары жаңа әдіспен қызмет көрсетуде.

Қала әкімінің орынбасары Серік Гусманның айтуынша, жаңа үлгідегі қоқыс контейнерін орнату үшін алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар атқарылмақ. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қалалық мәслихаттың кезекті сессиясына ұсыныс беріледі.

Алмас Қылыш

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу