Ақтау қаласында жыл басынан бері алимент алушылардың пайдасына 134,8 млн теңге өндірілді. Берешекті өтеу үшін борышкерлердің мүлкі де тәркіленген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала прокуратурасының мәліметінше, алимент қарызы есебінен екі пәтер, бір жер учаскесі және үш автокөлік өндіріп алушыларға берілді.
Мәселен, борышкерлердің бірі 37,8 млн теңге алимент қарызын өтемеген. Тексеру барысында оның атында Toyota Land Cruiser автокөлігі бары анықталған. Жеке сот орындаушысы көлікті 25,5 млн теңгеге бағалап, берешекті өтеу есебіне өндіріп алушыға берген.
Тағы бір жағдайда 13,4 млн теңгеге бағаланған пәтер үлесі алимент алушының пайдасына өндірілген.
Сонымен қатар кірістерін жасырып, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарған 46 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Тағы 11 борышкерге қатысты қылмыстық іс тіркелді.
Прокуратура алимент төлеуден жалтарған азаматтар заң алдында жауап беретінін ескертті.