Қылмыстық іс бойынша негізгі алқаби құрамына сайланған Ақтау қаласының тұрғыны сот отырысына бармаған. Ол өзіне жүктелген міндеттерді орындаудан жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Маңғыстау облыстық сотына сілтеме жасап.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының хабарлауынша, негізгі алқаби құрамына енгізілген С. сот мәжілісіне келмеуінің салдарынан басты сот талқылауы өткізілмеген.
"Өзінің кінәсін мойындауымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және басқа да істегі құжаттармен өз дәлелін тапты. ӘҚБтК-тің 655-бабының санкциясында ескерту жасау немесе 10 АЕК түрінде айыппұл салу көзделген. Сот жаза тағайындау барысында құқық бұзушылық үшін жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның бұрын-соңды жауапкершікке тартылмағанын, кінәсін мойындайтынын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот қаулысымен азамат ӘҚБтК-нің 655 бабымен кінәлі деп танылып, әкімшілік жаза ретінде ескерту жасалды", – делінген хабарламада.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.