Ақтауда әскери-теңіз күштері кемелерінің жауынгерлік әзірлігі пысықталды

170

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік, техникалық және жедел әзірлігін жан-жақты тексерді.  

Ақтауда әскери-теңіз күштері кемелерінің жауынгерлік әзірлігі пысықталды Фото: gov.kz

Әсіресе кезекшілікті ұйымдастыруға, жауынгерлік дайындық пен бөлімшелердің тыныс-тіршілігіне баса назар аударылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Министрдің бірінші орынбасары теңізшілердің қызметімен және тұрмыс жағдайымен танысып, олардың материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілу деңгейін зерделеді.

Десанттық-шабуылдау әскерлеріне қарасты десанттық-шабуылдау бригадасына барған кезде генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жеке құрамға үлгілі қызметі мен әскери борышқа адалдығы үшін алғыс білдірді.

– Сендердей рухы мықты ұлдарды тәрбиелеген ата-аналарыңа шын жүректен алғыс айтамын. Қызмет барысында үлкен тәжірибе жинадыңдар. Алдағы уақытта да елдің сенімді тірегі, нағыз патриот болатындарыңа сенімдімін, – деді ол.

"Орал" зымыран-артиллериялық кемесінде генерал-лейтенант Қ.Әбубәкіров қару-жарақ жүйелерінің, навигация және радиотехникалық жабдықтардың дайындығын тексерді. Оқу-жаттығу жиыны барысында экипаждың атыс тапсырмаларын орындау кезіндегі іс-қимылы пысықталып, жеке құрамның үйлесімділігіне баға берді.

Сонымен қатар, Бас штаб бастығы "Қайсар" диверсияға қарсы катері мен арнайы бөлімшелердің Каспий теңізінің қазақстандық акваториясы мен порттық аймақтарын су асты және су үсті қатерлерінен қорғауға әзірлігін бақылады.

Ол Қазақстанның Әскери-теңіз күштері өңірлік тұрақтылықты сақтауда шешуші рөл атқаратынын, сондықтан оларды жаңғырту қорғаныс ведомствосының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Инспекция қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жауынгерлік даярлықты жетілдіруге және бөлімшелердің үйлесімділігін нығайтуға бағытталған нақты тапсырмалар берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу