Ақтау теңіз портының солтүстік терминалында астық тиелген 800 вагон қаңтарылып тұр, деп хабарлайды 24.kz.
Еліміздің солтүстік өңірлерінен жөнелтілген 60 мың тонна бидай мен арпа кеме арқылы Иранға жеткізілуге тиіс еді. Қыркүйектен бері терминал 1 мың 692 вагон астық қабылдапты. Оның тең жартысы жүк кемелерімен Таяу Шығыс елдеріне жөнелтілген.
"Қалғанын келесі айдың 10-ына дейін тасымалдауға тырысамыз", - дейді терминал басшылары.
Вагондардың портта тұрып қалуына ауа райының қолайсыздығы мен жүк кемелерінің тапшылығы себеп болған. Жалпы, келісім бойынша біздің тарап астықты терминалға дейін жеткізіп береді. Ал оны кемеге тиеп, порттан алып кету тапсырыс беруші елдің міндеті.
"Отандық экспорттаушылардан бидайға тапсырыс беруші шетелдік компаниялармен жасасатын келісімшартты өзгертулерін талап етпекпіз. Астық вагондарға тиелмес бұрын, оны терминалдан алып кететін кеменің бар екенін растайтын құжатты көрсетулері тиіс болады. Мұндай құжаты жоқ экспорттаушыларға қызмет көрсетуден бас тартатын боламыз", - дейді "Ақтау теңіз солтүстік терминалы" ЖШС бас директоры Асқар Қарабасов.