Маңғыстау облысының білім басқармасы аталған жағдайға қатысты түсініктеме беріп өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ата-аналардың айтуынша, олар балабақша қызметкерінің туберкулездің ашық түрімен ауырған болуы мүмкін екенін естіген. Содан кейін мекеменің жұмысын уақытша тоқтатуды талап еткен.
Маңғыстау облысының білім басқармасы бұл жағдай туралы "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК-ның Маңғыстау облысы бойынша филиалының мамандарына хабарланғанын мәлімдеді. Балабақша әкімшілігі бейінді мамандармен бірлесіп жұмыс істеп, олардың ұсынымдары мен нұсқамаларына сәйкес қажетті санитариялық-профилактикалық шараларды жүргізіп жатыр.
– Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің бірі қайтыс болғанын өкінішпен хабарлаймыз. Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Алдын ала медициналық мәліметтерге сәйкес, оның өліміне туберкулез себеп болмаған, – деп хабарлады білім басқармасы.
Ведомство өкілдері марқұмның денсаулық жағдайына қатысты толық ақпарат беру бейінді медициналық мекеме басшылығының құзыретіне жататынын да ескертті.
Білім басқармасының түсіндіруінше, балабақшада карантин енгізу немесе оның жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіне кіреді. Мұндай шешім тиісті қаулы негізінде қабылданады.