Ақтауда автопарк жаңартылуда

1424

Тағы 16 қоғамдық көлік сатып алынбақ.

Ақтауда автопарк жаңартылуда

Ақтау қаласындағы автобус паркі 90 пайызға жаңартылмақ. Қазіргі күні бұл көрсеткіш 65 пайыз құрап тұр екен, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Маңғыстау облысындағы қоғамдық көліктерді жаңа автобустармен жаңарту жұмыстары былтырдан бері жүргізіліп жатыр. Ол үшін алдымен 18 дана "Yutong" маркалы отандық автобус алынды. Одан кейін, "Каспий Авто Парк" мекемесі Атырау қаласынан 2019 жылғы "Ankai" маркалы 30 дана автобус сатып алды.

Ақтау қаласында атыраулық нөмірмен жүрген қоғамдық көліктер жөнінде бұған дейін жазған болатынбыз, кейін анықталғандай, бұл ТШО компаниясы сатып алып, Атырау облыстық әкімдігіне сыйға тартан автобустар болып шыққан. Қазір бұл автобустар қалалық №5 және ауданаралық №107 маршруттарында сынақ мерзімінде жолаушы тасымалдауда. 

Қалай болғанда да, Ақтау автопаркі осы шаралардың арқасында 65 пайызға жаңарды деп есептелініп отыр. Жоспарда оны біртіндеп толықтай жаңарту міндеті тұр. 

"Ақтау қалалық №2 маршрут тасымалдаушысы "Жолаушы-Ақтау" ЖШС-нен БРК-лизинг арқылы автобус парктерін жаңарту үшін 16 дана "Yutong" маркалы отандық жаңа автобустарын сатып алуға өтініш келіп түскен. Оның ішінде, бір автобустың құны 43 900 мың теңге, алғашқы төлем 210 728 мың теңге, яғни 30%-құрайды. Қазіргі таңда Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы оларды сатып алу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеп жатыр", - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев. 

Сондай-ақ, қалалық мәслихат шешімімен бекітілген жоба бойынша әлеуметтік маңызы бар қалалық қатынастарға субсидия бөлінеді. Қазіргі таңда осындай алты бағыт бар, оларды субсидиялау үшін 540 925 мың теңге қаражат қажеттігі анықталған.

Айта кетейік, маршруттарға субсидия төлеу жұмыстары биылғы ақпан айында қалалық №2 және №4 маршруттардан басталған болатын. Ақтау қаласынан бөлек, Жаңаөзен қаласы бойынша да әлеуметтік маңызы бар 5 маршрут бекітіліп, оған 63,6 млн теңге субсидия қажет делініп отыр. Қаражат жоба сыбайлас жемқорлыққа байланысты сараптама жүргізу орталығында сараптамадан өткеннен кейін бөлінбек.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бойынша Жаңаөзен қаласының автопаркін де жаңарту жоспарланған. Ол үшін қалалық әкімдікке қарасты жаңа коммуналдық мекеме - "Жаңаөзен Автотранс" КММ құрылып жатыр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу