Ақтау қаласының тұрғындары әлеуметтік желілерге анасы мен балалары түнде көппәтерлі үйдің кіреберісінде ұйықтаған бейнежазбаны жарыса жүктеді.
Куәгерлер әйелдің мас боп жатқанын, ал оның жанында балалары бар екенін айтты. Болып жатқан оқиғаның куәгерлері полицияға жүгінеді. Олардың айтуынша, тәртіп сақшыларын ұзақ уақыт күтуге тура келген. Сонымен бірге балаларды тоңып қалмас үшін үйлеріне апаруға тырысқан. Алайда, сәбилер баруды қаламады. Бейнежазбаға қарағанда, адамдар балаларға жылы көрпе әкеліп жабады. Маңғыстау облысының полиция департаменті болған оқиға туралы түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, 16 шілдеде сағат 23:40 шамасында 102 кезекшінің пультіне екі баласы бар әйелдің 11 шағын аудандағы №33 үйдің жанында мас күйінде жүргені туралы шақырту келіп түскен.
"Шақыртуға барған полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған балалары бар әйелді анықтады. Оның жеке басын анықтау барысында оның тұрғылықты жерінің жоқтығы белгілі болды. Балалар облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Яғни алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу бойынша жауапты”, - деп хабарлады ведомстводан.
Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы мамандары сәбилердің жағдайы тұрақты екенін айтты. Олар 2021 жылы туған қыз және 2019 жылы туған ұл екені белгілі. Алдағы 7-10 күнде балалар дәрігерлердің бақылауында болады.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары екі балалы ананы айыптаудан аулақ. Олар әйел тұрмыстық қиын жағдайға тап болуы мүмкін, одан өз бетінше жол таба алмай дағдарды деп санайды.