Ақтауда Rixos қонақ үйінің аумағында орналасқан аттракцион жоғары көтерілген күйі тоқтап қалған. Оның ішінде балалар болған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Әлеуметтік желілерде Ақтауда аттракцион тоқтап, оған мінген балалардың басы төмен салбыраған күйі қалып қойғаны көрсетілген видео тарады.
"Кеше полицияға Ақтау қаласындағы ойын-сауық саябағында аттракционның тоқтап қалғаны бойынша қоңырау түсті. Оқиға орнына ювеналды полиция қызметкерлері барды. Ол жерге барған мамандар жарықтың болмағанынан аттракционның тоқтағанын көрді. Бұл оқиғаға байланысты аттракцион иесімен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Ақтауда жарықты сөндіру мәселелері болып жатқанын өздеріңіз де көріп жатқан шығарсыздар", - дейді Маңғыстау облыстық полиция департаменті өкілдері.
Ал, қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәліметінше, бұл аттракциондар Rixos қонақ үйінің меншігіндегі аумақта орналасқандықтан түсінік беруге құқылы емес екенін жеткізді.