Бұған дейін қоғамдық көліктерде балаларға арналған жеңілдетілген тарифпен төлем жасау мүмкіндігі болмаған соң, 10 мыңнан аса баланың құқығы шектелген еді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ақтау қаласының прокуратурасы жолаушылар тасымалы саласындағы заң талаптарының сақталуына талдау жүргізген. Тексеру кезінде автобустарда кәмелетке толмаған жолаушыларға арналған тариф бойынша төлем жасауға қажетті QR-кодтар жоқ екені анықталған.
Соның салдарынан балалар өздеріне белгіленген жеңілдетілген тарифті пайдалана алмай, жолақыны ересектерге арналған жалпы тариф бойынша төлеуге мәжбүр болған.
Прокуратураның қадағалау актісінен кейін жергілікті атқарушы орган қоғамдық көліктерде кәмелетке толмағандарға арналған тарифпен төлем жасау мүмкіндігін қамтамасыз етті.
Нәтижесінде Ақтауда қоғамдық көлікті пайдаланатын 10 мыңнан астам кәмелетке толмаған жолаушының құқығы қорғалып отыр.