Ақтауда бокстан Қазақстан чемпионаты басталды

1350

Чемпионатқа жалпы есебі 198 боксшы қатысуда. Бес күннен соң Ақтау шаршы алаңында шын мықтылар анықталып, ұлттық құрама қайтадан жасақталады. 

Ақтауда бокстан Қазақстан чемпионаты басталды

Ақтауда бокстан Қазақстан чемпионаты басталды. Ұлттық құрамаға қабылдануды көздеген жас спортшылар мен өз салмағының үздігі саналатын тәжірибелі боксшылар арасындағы тартыс жанкүйерлер қызығушылығын арттыруда деп хабарлайды Olympic.kz. 

АІВА бокстан Олимпиада жүлдесі сарапқа салынатын салмақ дәрежелерін азайтқаны белгілі. Бұдан былай төртжылдық додасында 8 салмақ дәрежесі бойынша жекпе-жек өтеді. 

Алайда, Қазақстан біріншілігіндегі кездесулер он салмақ бойынша өтуде. 

Биыл төрешілер құрамы да жаңатырлды. Біріншікті әділ өткізу мақсатында "үш жұлдыз" деңгейіндегі шетелдік әділ-қазылар  Қазақстан чемпионатына шақырту алды. Олар күмән тудырған кездесулерде жеңімпазды анықтауға көмектеседі. 

"Аймақтардың барлығы толық құраммен келді. 1998, 1999, 2000 жылы туылған жас спортшылардың қатары көп. Ұлттық біріншіліктен соң құраманы 30-40 пайызға жаңартамыз. Алдын-ала болжам айтқым келмейді. Десе де, жастардың талпынысы жақсы. Олардың соңына дейін тайталасатыны көрініп тұр", - дейді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов. 

Ел чемпионатына ұлттық құрама мен "Астана арландары" сапында көзге түскен боксшылардың басым бөлігі қатысуда.

Атап айтар болсақ, әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев, Азия ойындары мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл, Рио Олимпиадасының күміс медаль иегері Василий Левит, Азиада жүлдегері Асланбек Шымбергенов, Теміртас Жүсіпов, Бекдәулет Ибрагимов, Зәкір Сафиуллендер бар. 

Еске сала кетейік, ұлттық құрама капитаны Әділбек Ниязымбетов бокспен қош айтысты. Жақын арада команданың жаңа капитаны сайланады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу