Алты жыл бойы тоқтап тұрған бұрынғы "Каспиан сталь" зауытының орнына құны 22 млн долларлық болат балқытатын арматура зауыты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі таңда "Aktau Steel" ЖШС базасында 150 тұрақты жұмыс орны ашылды. Болашақта бұл көрсеткішті ұлғайту жоспарда бар.
"Зауытты жаңғырту үшін әзербайжандық инвесторлар 22 млн доллар қаражат жұмсады Бүгінде кәсіпорын жылына 250 мың тонна болат арматурасын шығаруға қауқарлы. Өндіріс көлемін арттыру үшін кейіннен нысанды қайта жаңарту да қарастырылған. Біздің серіктестіктің 50%-ы қазақстандық компания болса, қалған жартысы шетелдік инвесторлардың үлесінде. Айта кету керек, қазіргі кезде Қазақстанда құрылыста пайдаланатын арматураға сұраныс жоғары. Біз өз өнімімізбен жергілікті нарыққа шығуға ниеттіміз. Бүгінде экспортқа үлкентапсырыстар бар", - деп атап өтті "Aktau-steel" ЖШС металлургиялық зауытының бас директоры Риад Мирзоев.
Соңғы 3-4 жылда әзербайжандық инвесторлар Қазақстан экономикасына 300 млн доллардан астам қаражат салған.
"Аталған зауыттың ашылуы инвестициялық белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда 800-ден астам Әзербайжан компаниясы жұмыс істейді. Бұл екі елдің президенттерінің біздің кәсіпкерлер үшін барлық жағдайларды жасап отырғаны деп білеміз", - дейді Әзербайжан Республикасының Ақтаудағы бас консулы Эльхан Зейналов.