Ақтауда әйел адам екі баласымен бірге тұрып жатқан пәтерден өрт шыққан. Қала тұрғыны қайғылы жағдайдың алдын алуға не көмектескенін айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, өрт таңғы уақытта бәрі шырт ұйқыда жатқанда болған. Әйелдің айтуынша, кенже баласы жылытқышты өздігінен қосқан.
"Жылытқыштарды ұзартқышқа қосуға болмайды. Бұл туралы бәрі біле бермейді", – деді қала тұрғыны.
Оның сөзінше, мысық түтінді бірінші болып сезіп, үйдегілерге белгі берген. Осылайша балалар оянып, қызыл жалынды көрген.
"Балалар есептегіштегі негізгі ажыратқышты тауып, пәтерді толықтай электр қуатынан ажыратты. Мен киініп үлгергенше өртті сумен жылдам сөндіріп үлгерді", – деді қала тұрғыны.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ мүліктің бір бөлігіне зақым келген.