Ақтауда (Маңғыстау облысы) бірінші шағын аудандағы дәмханалардың бірінен 2,5 тонна сексеуіл тәркіленді, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл факті Ақтау полиция басқармасының СДТБТ-де қылмыстық кодекстің 339 бабы бойынша (сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану) тіркелген.
Дәмханада Қызыл кітапқа енген өсімдік кәуап пісіруге пайдаланылған.
Қазақстанның мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сексеуілді кесуге 2015 жылы мораторий жарияланып, биыл тағы бес жылға ұзартылды. Құжат ағаш түрлерінің плантациясын арттыруға және елдегі құрғақ жерлерді жандандырып, қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Осындай факт 2017 жылы да тіркелген болатын. Жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу кезінде қала мейрамханаларының бірінде 5 тонна сексеуіл тәркіленіп, 339-бап бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.