Ақтауда директоры мен тәрбиешісі "төбелескен" балабақша уақытша жабылды

2232

Тәрбиеші балаларға берілетін тағамның талапқа сай еместігін айтып, сөзінің дәлелі ретінде фото, видео түсірген. Кейін онысын әлеуметтік желіге жариялаған.

Ақтауда директоры мен тәрбиешісі "төбелескен" балабақша уақытша жабылды

Ақтаудағы "Айналайын" жекеменшік балабақшасы қызметін уақытша тоқтатты. Оған себеп - бөбекжай директоры мен тәрбиешісінің бірін-бірі соққыға жықты деп айыптауы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық білім беру бөлімінен мәлім еткендей, қазір балабақшада қызметтік тексеріс басталды.  

Анықталғандай, тәрбиеші балаларға берілетін тағамның талапқа сай еместігін айтып, сөзінің дәлелі ретінде фото, видео түсірген. Кейін онысын әлеуметтік желіге жариялаған. Оның сөзіне сенсек, балаларға тамақ жеткіліксіз көлемде беріледі, бір төсекке 3 баладан жатқызылады. Мекеме қызметкерінің айтуынша, осы жазбадан кейін директор оны соққыға жыққан. Видео да ұсынған. Онда ол балабақшадағы заңсыздықты жариялағаны үшін зардап шеккенін жеткізеді.

Бүгінгі таңда мектепке дейінгі мекеме жұмысын тоқтатқан. Болған оқиғаның мән-жайын комиссия анықтап жатыр. Екі жақ та құқыққорғау органдарына жүгінген. Факті бойынша полиция да тергеу жүргізе бастады.

"Айналайын" балабақшасы 2017 жылдың ақпан айынан бері қызмет атқарып келеді. Баланың орын саны – 40. Бүгінгі таңда үш жасқа дейінгі 33 бала тәрбиеленуде. Осы уақытқа дейін аталған балабақшаның тарапының үстінен ешқандай шағым түсіп көрген жоқ. Бірақ, бұл балабақша жұмыс жасағанымен, қалалық білім бөлімі тарапынан, яғни мемлекет тарапынан мемлекеттік тапсырыс алып отырған жоқ. Инцидент бойынша құзырлы органдар өкілдерінен бірлескен комиссия құрылды. Бүгінгі күннен бастап балабақша қызметін тоқтатты", – деді Ақтау қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы Бағдат Тұрғанбаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу