Ақтауда халықаралық мектеп олимпиадалары жүлдегерлерінің суреттерімен билбордтар ілінді

1145

Халықаралық деңгейде мықты екендерін дәлелдеген оқушылардың жетістігі олардың ата-аналары мен ұстаздарының да еңбегі.

Ақтауда халықаралық мектеп олимпиадалары жүлдегерлерінің суреттерімен билбордтар ілінді

Ақтау қаласында халықаралық мектеп олимпиадаларының жүлдегер оқушыларын танымал ету арқылы балалардың білім мен ғылымға деген қызығушылығын туғызу шарасы қолға алынды.

Еуропа, Азия және ТМД елдеріндегі халықаралық пәндік олимпиадаларда әр түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болған оқушылардың портреттері облыс орталығының LED экрандарында көрсетіле бастады және билбордтарға орналастырылды.

Мәселен, Норвегия астанасы Ослода өткен оқушылар арасындағы 63-ші Халықаралық математикалық олимпиадаға IMO-2022 әлемнің 104 елінен 600 вундеркинд бала жиналды. Соның алтауы Қазақстаннан қатысты. Аталған жарыста Ақтау қаласындағы Білім-Инновация лицейінің 11-сынып оқушысы Әбу Әділет қола медальға ие болды. Осы оқу орнының түлегі Санжар Нұрғалиев 10-18 шілде аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында онлайн режимінде өткен химия пәнінен халықаралық олимпиадада (IChO) екінші орын алды.

Ақтау қаласының оқушылары Якутск қаласында өткен физика, химия және информатика пәндері бойынша "Туймаада" Халықаралық Олимпиадасынан да жүлделі орындарға ие болды. Онда Мұғалім Әліби мен Молдағұл Әділжан күміс, Нұрқожа Омарбаева қола медаль жеңіп алды.

"Жыл сайын әлемнің 100-ден астам елінің командалары қатысатын олимпиадада біздің оқушылар өз білімдерін дәлелдеді. Халықаралық деңгейде олар өздерінің мықты екендерін көрсетті. Бұл тек оқушылардың ғана емес, олардың ата-аналары мен ұстаздарының үлкен еңбегі", – деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.

Тасым Жаңай

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу