Ақтауда Inbusiness.kz тілшісі үздік атанды

321

Ақтау қаласының 60 жылдығы аясында "Ақтау БАҚ айнасында - 2023" журналистер арасындағы байқаудың жеңімпаздары марапатталды.  

Ақтауда Inbusiness.kz тілшісі үздік атанды Фото: Inbusiness.kz

Байқауда Ақтау қаласының экономикалық және әлеуметтік дамуындағы жемісті жетістіктерді халық назарына ұсынып жүрген 18 журналиске марапат табысталды. Оның алтауы "Үздіктердің үздігі" атанды. Ішінде Inbusiness.kz ақпараттық порталының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жазира Әбіл де бар.

Сондай-ақ "Үздік аула, үздік аула сыпырушы, үздік мекеме" атауына арналған байқаудың жеңімпаздары да марапатталды. Қала тазалығына атсалысып тұрғын-үй ауласын және мекемелердің аумақтарын күтіп-ұстаған, қаланы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жасайтын 14 адамға арнайы марапат тапсырылды.

Мерекелік шара "Caspiy winter eco fest" экологиялық фестивалі аясында ұйымдастырылды.

Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, "Эко Маңғыстау" үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен аталмыш фестивалі өтті.

Экофестивальге ұйымдастырушылар, экобелсенділермен қатар 400-ге жуық қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Экологиялық шарада бірнеше экологиялық бекеттер ұйымдастырылды.  Атап айтқанда, квесттер, фотоаймақ, аквагримм, буккросинг, ұтыс ойыны, қолөнершілер жәрмеңкесі өткізілді. Экошарада Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйлеп, қалада экомәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

"Экомәдениетті қалыптастырумен қатар экологиялық білімді де дамыту қажет. Аталған экофестиваль тұрғындарға қала тазалығын сақтау, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау жұмыстарының маңыздылығын түсіндіруге бағытталған. Шараның негізгі мақсаты - қоршаған ортаны қорғауды насихаттау және қалада экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Барша фестивальге қатысқан қала тұрғындары мен қонақтарына және шараға атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін", - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.

Ұйымдастырушылар балаларға арналған анимациялық бағдарлама да дайындаған. "Эко Маңғыстау" үкіметтік емес ұйымының басшысы Кирилл Осиннің айтуынша, мұнымен экологиялық шаралар тоқтамай, алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

""Caspiy winter eco fest" - отбасылық фестиваль. Бұл қалада экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, отбасылық қарым-қатынасты да нығайтады. Экологиялық фестивальде бірқатар экобекеттер қойылды. Олардың қатарында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу, урбанизация және жерді құнарландыру жобалары бар. Шарада көрермендер қоршаған ортаны қорғау туралы ғана емес, салауатты өмір салтын ұстану және Ақтау қаласының тарихымен танысты", - деді "Эко Маңғыстау" үкіметтік емес ұйымының басшысы Кирилл Осин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу