Ақтауда IT-хаб ашылды

572

Ақтау қаласында Mangystau Hub өңірлік технопаркі іске қосылды. Бүгінде бұл – Astana Hub басқаруындағы 13-ші өңірлік хаб. 

Ақтауда IT-хаб ашылды Фото: А.Нұрмағамбет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызын "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өтіп, Astana Hub тәжірибесін кеңінен масштабтау міндетін қойды.

"Өңірлік хабтар аймақтарда IT-саланың дамуына жол ашады. Бұл орталықтар жергілікті стартаптар, кәсіпкерлер мен мамандар үшін  білім беру бағдарламаларына, нетворкингке, инвестицияларға және технологиялық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін  катализатор іспеттес. Аймақтарда Digital Nomads және Google Developers Group-пен серіктестікте воркшоптар, олимпиадалар, хакатондар, офлайн және онлайн кездесулер жиі өткізіледі. Бүгінде өңірлік хабтарда 7 мыңнан астам адамның қатысуымен 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды, 70-тен астам компания Astana Hub қатысушысы болды. Біз Mangystau Hub өңірдегі IT-индустрияны дамытудың негізгі алаңына айналатынына сенімдіміз", – деп атап өтті Astana Hub басқарушы директоры Дания Ахметова.

ҚР ЦДИАӨМ, Маңғыстау облысы әкімдігі және Sergek Group қолдауымен Astana Hub халықаралық технопаркі құрған Mangystau Hub-тың негізгі міндеті – жергілікті IT-қауымдастықты дамытып, IT-таланттардың тұрақты ағынын қалыптастыру. Мұнда IT-мамандардың біліктілік деңгейін арттыруға және инновациялық жобалардың дамуын ынталандыруға бағытталған түрлі іс-шаралар, тренингтер мен конференциялар өткізіледі.

Ашылу аясында 8 технологиялық жоба ұсынылды: AMS SYSTEM, qMeta, Mediana Services Limited, Smart EDUS, AGSA, Libsystem.kz, Rebels, Gylym.ai және ЭкоАвтомат.

Бүгінде ҚР ЦДИАӨМ бастамасымен және Astana Hub, әкімдіктер мен жеке серіктестердің қолдауымен еліміздің 12 өңірінде IT-хабтар табысты жұмыс істеп тұр. 2024 жылы Mangystau Hub-тан басқа Атырау, Шымкент, Қонаев, Жезқазған, Петропавл және Жаңаөзен қалаларында IT-хабтар ашу жоспарланып отыр.

Биыл Astana Hub өңірлік IT-хабтарды astanahub.com платформасындағы қолжетімді цифрлық инфрақұрылымдар арқылы қарқынды дамытуды қолға алды. 2023 жылы еліміздің өңірлік хабтарында АКТ саласында 784 іс-шара ұйымдастырылып, оған 25 мыңға жуық адам қатысып, 194 стартап-идея ұсынылды. Сонымен қатар өңірлерде АКТ бойынша 7 форум өткізілді. Бұл 70 компанияның Astana Hub-қа қосылуына және өңірлерде IT-саланы дамытуды ынталандыруға септігін тигізді.                                

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу