Ақтауда қандала уынан зардап шеккендер наразы

302

Бір айға жуықтаса да сараптама қорытындысы жоқ. 

Ақтауда қандала уынан зардап шеккендер наразы Фото: Н. Мұқағали

Ақтауда қандала уының салдарынан екі бірдей баласынан айырылған отбасы наразы, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жанболат Кемелденов - екі бірдей перзентінен айрылып қан жұтып отырған әке.

"Бір айға жуық әділдік таппай жүрмін" дейді ол.

Қандаланы улаймын деп отбасына қайғы әкелген көршінің, емін-еркін жүруі қабырғасын қайыстырып барады. Уақытша қамауға да алынбағаны қатты қынжылтады екен. 

"Ол кісі бостандықта жүр. Әділдік қайда? Әділдік керек. 23-і күні балаларымды жерлеп келдім. Ол кісі әлі үйінде жүр. Неге қамалмайды? Сараптама қорытындысы неге анықталмай отыр? Дәрінің құрамын табу үшін соншама уақыт қажет пе?", - дейді Жанболат Кемелденов.

Төрт баланың екеуінен айрылу жас отбасына ауыр соққы болды. Қалған екеуі бауырларын күнде сұрап, ішқұса болып жүр. Ең қиыны күдікті қайғы жамылған отбасынан кешірім де сұрамаған. Тек делдалдыққа туыстарын жіберген көрінеді.  Бұл дерек Ақтау қаласының полиция басқармасында тергеліп жатыр. Олар тергеу ісіне сараптама қорытындысының шықпауы кедергі болып тұрғанын жасырмады.

"ҚР ҚК 304-бабы, 3-бөлімімен көп адамның өліміне қатысты санитарлық және гигиеналық талаптарды бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерудің біріңғай тізіліміне тіркелді. Аталған дерек бойынша сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта сараптама қорытындысы дайын емес. Дайын болғаннан кейін іске қатысушыға қатысты бұлтартпау шарасымен санкциялау туралы мәселе қаралатын болады",- деп атап өтті АҚПБ тергеу бөлімінің бастығы Мақсат Молдабаев.

Естеріңізге сала кетейік, 22 қазанда Ақтаудың 7-шағын ауданында, түнде отбасындағы 7 адам өздерін жайсыз сезініп, бірнеше рет құсып шығады. Таңға жуық 10 айлық және 2 жасар бала көз жұмады. Мамандар 8-қабаттағы көршінің қандаланы улап, ешкімге ескертпестен үйінен кетіп қалғанын анықтады. Бұл факті бойынша, күдікті 5 пен 10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін.                                                                                                                                          

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу