Ақтауда қандаланы улаймын деп екі баланың өліміне себепші болған адам 10 жылға сотталуы мүмкін

570

Ақтауда қос бүлдіршіннің өмірін қиған қандала уы барлық сала қызметін аяғынан тік тұрғызды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақтауда қандаланы улаймын деп екі баланың өліміне себепші болған адам 10 жылға сотталуы мүмкін Фото: Серік Маймеров

Алматының қара базарынан алынып, заңсыз улау жұмыстарын жүргізген көршіге қатысты қылмыстық іс басталды. 

Нұрсәуле Түменова - марқұм болған қос бүлдіршіннің туысы. Олар осыдан екі күн бұрын сұмдық жайтқа ұрынатындарын білмей қалды. 21 қазан күні түнде жиені отбасындағы 7 адамның жайсыз сезініп, әсіресе, кішкентай екі баланың бірнеше рет құсып жатқанын айтып қоңырау шалады. Ойында ештеңе жоқ Нұрсәуле "жедел жәрдем шақырыңдар" деп кеңес берген. Таң атқан соң 10 айлық және 2 жасар бала көз жұмады. Белгісіз иістен уланып қалғандарын сол кезде келген мамандар айтқанда бір-ақ білген. Сөйтсе төменгі қабаттағы тұрғын қандаланы өз бетінше улап, көршілерінің бір де біріне ескертпей, кетіп қалған.

"Таңда жиен келін қоңырау соқты. Апа, балалар кетіп қалды деп. Олар қалшылдап, тоңып, тұрмай қалған. Бүгін балалардың жаназасы болды. Біздің талабымыз – әділ сот, әділ шешім сұраймыз. Екі бала үшін соны талап етеміз. Көршілер айтпай, үндемей есігін кілттеп кетіп қалғаны несі?" дейді Нұрсәуле Түменова.

Қайғылы оқиға 7-шағын ауданның 14-үйінде тіркелген. Жедел жәрдем екі баланың өлімін нақтылаған соң, қалған 5 адамды ауруханаға жеткізеді. Оның 2-еуі 2015 және 2017 жылы туған балалар. Қазір оның біреуінің жағдайы аса ауыр.

"Ағзаны удан тазартып, дизенфекациялық терапия жүргізілді. Қазіргі таңда 2017 жылғы ұлдың жағдайы орташа ауырлықта. Концилуиум болады, бөлімшеге ауыстыру жоспарлануда. Ал қыз баланың жағдайы тұрақты", – дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаев.

Осы жағдай бойынша қаладағы бірнеше қызмет баспасөз мәслихатын өткізді. Мамандар көп қабатты үйде улау тәртібін сақтамаудың соңы адам өліміне әкеліп соққан дерек алғаш рет тіркелген жоқ екенін алға тартты. 2016, 2017, 2018 және 2019 жылдары да болған.

Айта кетейік, жәндіктерді улаған пәтер иесі жарнамаға сеніп, Алматының қара базарынан дәрі сатып әкелген. Пәтерден белгісіз дәрінің 39 данасы табылды.

Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасованың айтуынша, эпимемиологиялық тексеру барысында, сараптамалар уланған пәтер ішінде аммиак қышқылы мен көмірсу оксиді шамадан тыс көп болғанын көрсеткен. Олар улы газ бөліп, соның салдарынан отбасы уланып қалды. Препараттардың шыққан жері, құрамы белгісіз.

"Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 304-бабы, 3- бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Сараптама қорытындысымен нақты шешім қабылданады. Улаған көршісі жауап береді", – деп атап өтті Маңғыстау облысы Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Нұралин Баржиков.

Қандаланы улаймын деп екі баланың өліміне себепші болған адамға 5 пен 10 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, дейді мамандар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу