Ақтауда коммуналдық салада дағдарыс басталды

604

Қалада ыстық судың қай күні берілетінін ешкім нақты айта алмайды. Бүгін облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев қызметінен кетті.  

Ақтауда коммуналдық салада дағдарыс басталды Фото: inbusiness.kz

Осыған дейін "Екі күнде су беріледі" деген ақпарат та жалған болып шықты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Энергокомбинат өкілдері резервуарларға су жинау баяу жүріп жатқанын хабарлады. Резервуарлар толтырылғаннан кейін ғана ыстық су қала тұрғындарының пәтерлеріне жіберілмек.

"Бүгін сағат 12-де резервуарларға 36 мың текше метр су жиналды. Қалыпты режимде 80-100 мың текше метр болуы тиіс. Сондықтан да тиісті деңгейге жетуін күтіуден басқа шара жоқ", - дейді "МАЭК" ЖШС өкілдері.

"Қыстың қақ ортасында жылу мен ыстық су проблемасын шеше алмай отырған билікке не деуге болады? Күзде жылыту маусымына дайынбыз деп дабыл қаққандары бекер болды ғой. Балалар ауырып жатыр, үй суық. Шомылуды былай қойғанда ас ішуге су таппай қалдық. Ыстық судан бөлек ауыз су да тоқтап қалды. Мәселенің тезірек шешілгенін талап етеміз", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Елизавета Қуанышқызы.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтауда көптеген шағын ауданда  5 желтоқсаннан бері ыстық су мен жылу жоқ. "МАЭК" ЖШС көппәтерлі тұрғын үйлерде ыстық суды пайдалану уақытша тоқтатылатынын растады. Олар су қазандықтарында ең төменгі деңгейде тіршілік нәрі қалғандықтан ыстық сумен қамтуды уақытша шектеді.

Ақтау қаласының әкімі ыстық судың болмауының басты себебі - тозған құрал-жабдыққа жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізумен байланысты деп отыр. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ыстық су прблемасы үшін жауапты тұлғаларға сөгіс жариялады. Ал бүгін облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев қызметінен кетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу