Ақтауда көтерме-тарату орталығы мен коммуналдық базар салынады

762

Ақтауда жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілеріне тегін сауда орындары ұсынылады. Бұл өз кезегінде тұтынушылар үшін азық-түлік бағасын тұрақтандыруға оң әсер етеді.  

Ақтауда көтерме-тарату орталығы мен коммуналдық базар салынады

Маңғыстау облысына келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде инфляция деңгейінің жоғары екенін, мұның азық-түлік тауарлары бағасының тез өсуіне әсер етіп жатқанын атап өткен еді.

"Азық-түліктің 80 пайызға жуығы импортталады. Осы ретте, 50 мың тонна көкөніс сиятын қоймалардың тапшылығы байқалады. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Аталған мәселені маңыздылығына қарай шешу қажет. Ол үшін тиісті механизмдер бар. Осыған қатысты Үкімет Көкөніс қоймаларының құрылысы жөніндегі жол картасын әзірледі. Азық-түлік бағасының қымбаттауын тоқтату үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне толық қол жетімді әрі ретке келтірілген сауда алаңдарын ашу керек. Әкімдікке Ақтау қаласында коммуналды және көтерме базарларды салуды тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Осыдан соң қарқынды жұмыс басталып кетті. Жеке инвесторлар есебінен Ақтау қаласының 36-шағын ауданында салынатын қоймалардың екі жобасы таныстырылды.

Алғашқысы, сату және тауар сақтайтын қоймасы бар екі қызметтік аймақтан тұрады. Жер телімінің жалпы ауданы – 15 га, оның ішінде коммуналдық сауда базарының ауданы 9-10 га құрайды. Сонымен қатар 2 мың шаршы метр аумақта сауда орындары салынады. Онда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз және жалға алу төлемдерсіз сата алады. Осылайша төмен бағаны қалыптастыруға оң әсер етеді.

Сауда және қойма көлемі 20 000 шаршы метр болады. Жалға алушылар саны – 500 адам. Жобаға салынған инвестиция құны – 1,5 млрд. теңгені құрайды. Бұдан басқа, базар аумағында автомобильдерге және қалалық қоғамдық көліктерге арналған 750 орындық автобекет жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ бір мезетте 500 адам сиятын жолаушылар терминалы орналаспақ.

Тағы бір жоба – көтерме және бөлшек сауда базары, дүкендер, мейрамханалар құрылысы басталады. Мұнда бизнес субъектілері үшін азық-түлік тауарларының көтерме саудасын ұйымдастырады. Делдалды алып тастап, жергілікті өндірушілердің өнімін кепілді өткізудің  арқасында азық-түлік тауарларының бағасы төмендейді деп күтілуде. Жобаға салынған инвестиция құны – 1,8 млрд теңгені құрайды. Жер учаскесінің жалпы ауданы – 12 га. Жалға алушылар саны – 300 адам. Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін тоңазытқыш, қоймалар қызметі ұсынылады. Аталған жобалар 2023 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Алмас Қылыш

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу